7.1 Кәсіпкерлік нысандары
Өз бизнесіңізді бастамас бұрын кәсіпкерлік қызметтің қолайлы нысанын таңдау маңызды. Бұл сіздің қызмет саласына (сауда, білім беру, бухгалтерлік есеп және т.б.) байланысты.
7.1.1 Жеке кәсіпкер (ЖК)
Бизнесті жүргізудің ең қарапайым әрі кең таралған нысандарының бірі – Жеке кәсіпкер (ЖК). Қазақстанда жеке кәсіпкерді мемлекеттік органдарға бармай-ақ тез тіркеуге болады. Ол үшін қызметтің басталғаны туралы хабарламаны төмендегі платформалардың бірі арқылы жолдау жеткілікті:
- Электрондық үкімет порталы (eGov.kz);
- Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары;
- e-License.kz мемлекеттік ақпараттық жүйесі.
Жеке кәсіпкерді кім тіркей алады?
- Қазақстан Республикасының азаматтары және қандастар;
- Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің азаматтары (Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь және Армения).
Жеке кәсіпкерлік жеке (бір адам жүргізетін) немесе бірлескен (бірнеше адам бірлесіп жүргізетін) нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
7.1.2 Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС)
Егер сіз серіктеспен бірге бизнес жүргізуді және қаржыңызды, біліміңіз бен күш-жігеріңізді біріктіріп инвестиция салуды жоспарласаңыз, Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) ең қолайлы нұсқа болып табылады.
ЖШС мен жеке кәсіпкердің негізгі айырмашылықтары:
- Әділет органдарында gov.kz порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланып мемлекеттік тіркеуден өту қажет.
- Статистика органдарына есептілік тапсыру міндетті.
- Жарғының болуы міндетті – онсыз банктік шот ашу немесе мемлекеттік қызметтерді алу мүмкін емес.
ЖШС келесі қызмет түрлерімен айналыса алады:
- қызмет көрсету
- тауарларды өндіру және өңдеу.
Кейбір қызмет түрлеріне лицензия қажет, мысалы:
- құрылыс
- алкоголь өнімдерін сату.
ЖШС-ні тіркеу үшін жарғылық капитал қажет. Бұл – құрылтайшылар енгізетін қаражат мөлшері. Ол олардың компаниядағы үлесін айқындайды және ағымдағы шығындарға (жалдау ақысы, шикізат, коммуналдық қызметтер және т.б.) пайдаланылмайды. Тіпті дағдарыс жағдайында да жарғылық капитал ЖШС-нің шотында сақталуы тиіс. Компания таратылған жағдайда бұл қаражат кредиторлар алдындағы міндеттемелерді өтеуге пайдаланылуы мүмкін.
Жеке кәсіпкер (ЖК) мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) арасындағы таңдау сіздің мақсаттарыңызға, бизнесіңіздің ауқымына және басқару тәсіліне байланысты.
7.2 Шағын бизнеске арналған салық салу режимдері
Бизнесті тіркеу кезінде тиісті салық режимін таңдау маңызды. Қазақстанда екі негізгі салық салу режимі бар:
- Жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібі.
- Арнаулы салық режимдері (АСР).
7.2.1 Жалпыға бірдей белгіленген салық режимі
Бұл режим табыс салығын стандартты тәртіппен есептейтін шағын бизнес субъектілері үшін қолданылады.
- Салық мөлшерлемесі – таза пайданың (табыс пен шығыстың айырмасы) 10%-ын құрайды.
- Есепке алынатын шығыстарға тауар сатып алу, жалдау ақысы, еңбекақы, байланыс қызметтері және басқа да ресми шығыстар жатады.
- Салық төлеу мерзімі – жылына бір рет (келесі жылдың 31 наурызына дейін).
- Сонымен қатар, 1С бағдарламасында бухгалтерлік есеп жүргізу міндетті.
Бұл режимді көбінесе айналымы жоғары және шығындарын құжатпен растай алатын кәсіпорындар таңдайды
7.2.2 Арнаулы салық режимдері (АСР)
Шағын бизнесті қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Салық кодексінде жеңілдетілген салық режимдері қарастырылған. Олар салық жүктемесін азайтуға және есептілікті жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Арнаулы салық режимдерінің негізгі түрлері:
7.2.2.1 Патент негізіндегі режим.
- 7.2.2.2 Арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы.
7.2.2.3 Жеңілдетілген декларация негізіндегі режим.
7.2.2.4 Тіркелген шегерімді пайдалану арқылы.
Олардың әрқайсысын толығырақ қарастырайық:
7.2.2.1 Патент негізіндегі арнаулы салық режимі
- Жалдамалы жұмыскерлері жоқ жеке кәсіпкерлерге ғана арналған.
- Қызметтің 32 түрі бойынша қолданылады (мысалы, репетиторлық қызмет, жөндеу қызметтері, фотография және т.б.).
- • Салық мөлшерлемесі – болжамды табыстың 1%-ын құрайды (салық алдын ала төленеді).
7.2.2.2 Арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы қолданылатын арнаулы салық режимі
- Жалдамалы жұмыскерлері жоқ жеке кәсіпкерлерге арналған.
- Жылдық табыс 3 528 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауы тиіс.
- Қызметтің 33 түрін қамтиды.
- Салық мөлшерлемесі – нақты табыстың 1%-ын құрайды.
7.2.2.3 Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимі
- 30 адамға дейін жұмыскері бар кәсіпкерлерге арналған.
- Жылдық табыс 24 038 АЕК-тен аспауы тиіс.
- Салық мөлшерлемесі – жалпы табыстың 3%-ын құрайды (шығыстар есепке алынбайды).
- Есептілік әр жарты жыл сайын тапсырылады.
- Көбінесе сауда, қоғамдық тамақтандыру және қызмет көрсету салаларында қолданылады.
7.2.2.4 Тіркелген шегерімді пайдалану арқылы қолданылатын арнаулы салық режимі
- Жылдық табыстың 30%-ын растайтын құжаттарсыз салық базасынан шегеруге мүмкіндік береді.
- Сонымен қатар, еңбекақы төлеу қорының 200%-ына дейін қосымша шегерім қолдануға болады.
- Айналым көлеміне (144 184 АЕК-ке дейін) және жұмыскерлер санына (50 адамға дейін) жоғары лимиттер белгіленген.
- Көтерме және бөлшек сауда, құрылыс және қызмет көрсету салалары үшін қолайлы.
- Бақылау-касса машинасын (БКМ) пайдалану міндетті!
Таңдалған салық режиміне қарамастан, қолма-қол ақшамен немесе банк картасымен төлем қабылдаған кезде бақылау-касса машинасын (БКМ) пайдалану міндетті.
7.3 Бақылау-касса машинасының (БКМ) түрлері
- Кәдімгі бақылау-касса машинасы – жеке физикалық құрылғы.
- Мобильді бақылау-касса машинасы – смартфонға арналған қосымша.
Маңызды: Клиенттермен жұмысты бастамас бұрын бақылау-касса машинасын міндетті түрде тіркеу қажет!
Source: https://www.gov.kz/
